Петропавлда үлестік құрылысқа қаржысын салған 5 адам жұмыстың тоқтап, нысандарды тапсыру мерзімінің кейінге шегерілуіне қатысты прокуратураға арызданды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгінде Петропавлда көп қабатты 24 тұрғын үй коммерциялық негізде салынуда. Солардың кейбірі құрылысты жүргізу үшін жеке тұлғалардың қаражатын тартқан. Алайда мердігерлер кейін істі аяғына дейін жеткізбей, жұмысты тоқтатқан. Үлестік құрылысқа қатысқан 5 адам прокуратураға шағымданды. Зардап шеккендердің барлығы – петропавлдықтар.
Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, азаматтардың құқығы бұзылғандығы туралы ақпарат түсісімен тиісті жұмыстар қолға алынды.
-Заңға сәйкес үлестік құрылыстың барысын жергілікті атқарушы орган бақылайды. Бірақ, жергілікті әкімдікте үлестік құрылыс бойынша бірде-бір келісім тіркелмеген. Осыған орай прокурорлар ықпал ету шараларын қолға алды. Қазіргі уақытта уәкілетті органдар істің мән-жайын анықтап жатыр. Оның қорытындысы бойынша заңды бағасы беріледі. Үлестік құрылыс талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, — дейді Петропавл қалалық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Азамат Қалиев.
Қазіргі таңда қай құрылыс компаниясының заң бұзушылыққа барғаны нақтыланып жатыр. Әзірге келтірілген шығын көлемі де белгісіз. Облыстың құрылыс басқармасы мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы барлық салынып жатқан 24 коммерциялық үйді тексеретін болады.