«АРДОС-Жүрек» мүгедек жандар бірлестігі қала және облыс мектептерінде инклюзивті білім беру қағидаларын ілгерілетуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ұйым өкілдері тірек-қимыл аппараты бұзылған адамға көмек көрсету, қарым-қатынас этикасын, ең бастысы, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін білім беру процесін дұрыс ұйымдастыруды үйретуде. Бүгін ұйым мамандары Петропавлда «Жалпыға ортақ инклюзивті білім беру» жобасы аясында көшпелі жазғы лагерь ұйымдастырды.
-Жоба бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асырылуда. Өкінішке қарай, көптеген педагог, психологтардың бұдан хабары жоқ. Кейбірі тіпті инклюзивті білім беру туралы қате түсінікте. Жиын барысында біз бұл балаларды қалай оқыту керектігін айтып, практикалық ұсыныстар жасадық. Жалпы, бұл басқосу мамандар үшін пайдалы болады деп ойлаймыз және болашақта мында түйіп-білгенін практикада қолданады деген сенімдеміз, — деді «АРДОС-Жүрек” жобасының жетекшісі Ақжан Кәрім.