Петропавлда ХІХ ғасырда салынған ескі мешіт қайта қалпына келтірілуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Sputnik.kz порталына сілтеме жасай отырып.
ХХ ғасырдың басында Петропавлда алты тас және үш ағаш мешіт болған. 1938 жылы олардың барлығы жабылды. «Дәулеткелдиевтің мешіті» деп аталған №4 мешіт 1942 жылы кәсіпорынның қосалқы бөлмесіне айналды. Бүгінде құлшылық ету орны тозып, жартылай құлаған.
— Мешіттің қабырғалары ескірген. Ғимаратты қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Құлшылық ету орны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына беріледі. Мешіт базасында ислам мәдениеті мұражайы құрылады, — деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері мешіт туралы мәліметтерді жинақтаған.
— Материалдарды зерттей келе, біз бұл мешіттің жергілікті мұсылман халқының қалауымен салынғанын білдік. Құрылысты Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Горчиков қолдап, Ресей империясының ішкі істер министрлігіне хат жолдаған. Нәтижесінде, 1855 жылы №4 мешіт салу туралы шешім қабылданды. Құрылыс 1857 жылы аяқталды, бұған Уфадан алынған құжаттар дәлел. Ал 1870 жылы көпес Мұхаметжан Дәулеткелдиев мұнда медресе салды, — деді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова.
Фото: Елена Бережнаядан