Еске салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын «Ромашка» қоғамдастығындағы саяжайлардың біріндегі ұңғымадан судың орнына мұнайға ұқсас сұйықтық шыға бастағаны туралы жазған едік. Экологтар 3 жерден сынама алып, түсініксіз жайттың себебін анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тексерілген ұңғымалардың барлығынан мұнай өнімдері табылды. Ең қауіптісі автожанармай құю бекетінің жанында орналасқан құдықтан анықталып отыр. Онда бір литр судың құрамында екі грамнан астам мұнай өнімдері бар. Судағы мұнайдың нақты қай түрі екені әлі белгісіз. Мамандар ластану көзін анықтау үшін өз қорытындыларын барлық уәкілетті органдарға жібермек.
— Суда мұнай өнімдерінің кездесуі өте қауіпті. Бізбен бірге Ұлттық сараптама орталығы да су сынамаларын алды. Сынамалар әлі зерттелуде. Осыдан кейін біз мәліметтермен алмасып, ластану көзін іздейміз, — деді СҚО экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.