СҚО әкімінің екі орынбасары қысқарып, қалған үшеуі міндеттерді өзара бөлісті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет пен бюджетаралық қатынастарды дамыту, салық саясаты, коммуналдық меншік және жекешелендіру, білім беру, ветеринария, қоғамдық-саяси жағдай, дін, конфессияаралық және ұлтаралық келісім салаларына жетекшілік ететін болады. Марат Тасмағанбетов 2019 жылдан бері облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымында еңбек етуде.
Дәурен Жандарбек индустриялық-инновациялық даму, оның ішінде инвесторларды тарту – кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, мәдениет, тіл саясаты және мұрағат ісі, дене шынықтыру және спорт, туризм, цифрландыру және мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелеріне жауап бермек. Облыс әкімінің орынбасары лауазымына Дәурен Жандарбек 2017 жылдың шілде айынан бастап тағайындалды.
Көші-қон, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау, еңбек қатынастары саласы Сатжан Аблалиевке тапсырылды. Айта кетсек, ол 2021 жылдың маусымынан бері облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика, жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су қатынастары салаларына жетекшілік етті.