Бүгінге дейін Петропавлда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы 100 адам 51 кәсіпорынға орналастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, оқу орындарын бітірген, бірақ жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарға 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында қолдау көрсетіледі. Жобаның бірнеше бағыты бар, олар: жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орны, қоғамдық жұмыстар, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімі. Сонымен қатар, қысқа мерзімді курстан өтіп, нарықта сұранысқа ие мамандықты меңгеруге болады немесе «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, қайтарымсыз грант алып, өз ісін ашуға мүмкіндік бар.
Биыл өңірде жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 799,4 млн теңгенің 655 гранты берілмек. Мамандардың айтуынша, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысу үшін жұмыспен қамту орталығына өтініш қалдыру керек. Осы жылы Петропавл қаласында 176 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Олардың 99-ы облыс орталығындағы 51 кәсіпорынға жіберілді.
Жалпы биыл өңірде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 274 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына, 476 адамды «Жастар тәжірибесі» бойынша, 2184 адамды қоғамдық жұмыстарға, 231 адамды «алғашқы жұмыс орны», «ұрпақтар келісімі», «күміс жас» жобалары бойынша орналастыру көзделген.