СҚО-да егін жинау науқаны 20 тамызда басталады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі агрометеорологиялық болжамды ескере отырып, дәнді дақылдардың өнімділігі кемінде гектарынан 15центнерден, жалпы 4,5 млн тонна астық алуды жоспарлап отыр.
900 мың тоннаға жуық майлы дақыл түседі деп күтілуде, оның шығымдылығы гектарынан 9,2 центнер болмақ. Егін оруға 7,3 мың астық жинайтын комбайн шығады, оның ішінде 3,8 мың өнімділігі жоғары техника, 4,7 мың дестелегіш, 5,8 мың жүк көлігі. Биыл диқандар 33,2 млрд. теңгеге 1 417 техника сатып алды. Оның ішінде 291 трактор, 83 комбайн, 421 астық сепкіш, 45 егіс кешені бар.
— Жанар-жағар май бойынша проблема жоқ. 78,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Өсірілген өнімнің сақталуын қамтамасыз ету үшін жалпы сыйымдылығы 6,6 млн. тонна болатын астық қоймалары бар, бұл өңірдің қажеттілігін толығымен жабады. Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 29,5 млрд. теңгеге 106 өтінім берілді, — делінген баспасөз қызметінде.
Биыл өңірде жасымықтың егіс алқабы 33,1 мың гектардан 66,3 мың гектарға дейін, күнбағыс 61,6 мың гектардан 119,3 мың гектарға дейін, қарақұмық 9 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Облыстың ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру биыл 69,5 млрд. теңгені құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығына 17,9 млрд. теңге бөлінді.