Қазақстанда интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың көбеюіне байланысты жалған нөмірлер бұғатталады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Қазіргі уақытта байланыс операторларымен бірге осы мәселеге қатысты бірлескен іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Алаяқтармен күресудің тиімді әдістерінің бірі – жалған нөмірлерді бұғаттау. Қыркүйек айының соңына дейін байланыс операторлары алаяқтар қоңырау шалатын жалған телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттайтын болады. Цифрлық даму министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін ескере отырып, ұялы нөмірлерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізуді қарастырып жатыр. Осылайша, біз телефон нөмірлерінің бөтен адамдарға тіркелу жағдайларының алдын алғымыз келеді, — деп жазды Бағдат Мусин.
Сондай-ақ министрлік интернеттегі алаяқтыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру бағытында банктермен тығыз әрекет жасауды ұсынады.
-Өйткені, алаяқтық фактілер көп жағдайда банк операцияларымен тікелей байланысты. Банк қызметкерлері тұрғындарға хабарласқан уақытта, оның шынымен де банктен хабарласып тұрғанына көз жеткізу үшін SMS-хабарламалар арқылы сәйкестендіру жүйесін енгізуге болады, — дейді министр.
ІІМ мәліметінше, Қазақстанда интернет және телефон арқылы алаяқтық жасау фактілері көбейіп кетті. Егер 2016 жылы 1000 оқиға тіркелсе, 2021 жылы — 21 мыңға жеткен.