СҚО полицейлері ұрланған бұзауларды иесіне қайтарды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тайынша ауданы Рощинское ауылының тұрғыны аудандық полиция бөліміне жүгініп, түнде үйдің жанынан екі бұзауы ұрланғанын хабарлаған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде көршілес Есіл ауданының 22 және 27 жастағы екі тұрғыны ұсталды.
Күдіктілердің айтуынша, олар таңертең ВАЗ-2110 автокөлігімен өтіп бара жатқанда қараусыз жүрген бұзауларды көрген. Біреуін жүксалғышқа тиесе, екіншісін көліктің салонына кіргізген. Полиция бұзауларды сол күні қайтарды. Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы «мал ұрлығы»бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
— Ауыл тұрғындарын назарын малды қараусыз қалдыруға болмайтынын ескертеміз. Қараусыз жүрген мал ұры шақырады. Полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстар жүргізіп, тұрғындарға жауапкершілікті түсіндіреді. Жеті ай ішінде облыста мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 227 хаттама толтырылды. Бұл тәжірибе мал ұрлығының алдын алудың тиімді тетігі болып табылады, қылмыстың осы түрін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Жыл басынан бері мал ұрлығының 10 фактісі тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда еке есе аз, — дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.