Петропавлдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Академиясында Ресей федерациясы мен Түрік республикасында білім алуға аттанатын 40 курсант әскери ант қабылдады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі
Жыл сайын Ұлттық ұлан Академиясына бірінші курс студенттерімен қоса шарттар мен келісімдерге сәйкес шет елдердің әскери-оқу орындарында оқу үшін курсанттарды қабылдау да жүзеге асырылады. Ұлттық ұлан Академиясы бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Нұрбай Бектұрсынов курсанттарды құттықтап, жерлестерімізге сәт-сапар тіледі.
-Сіздер алдағы 4-5 жылды отандарыңыздан жырақта өткізесіздер. Жақын туыстарыңыз бен достарыңыздан және өздеріңізге қымбат жандардан алыста болу қиын екені жасырын емес. Сіздерге өзге елде отанымыздың абыройын көтеру мәртебесі бұйырып тұр. Оқудағы жетістіктеріңіз бен мінез-құлықтарыңызға қарап басқа елдердің өкілдері біздің отанымыз бен халқымызға баға береді,- деді Нұрбай Бектұрсынов.
Бірінші курс курсанттары атынан курсант Мират Әскеров сөз сөйледі. Ол елімізді шет елде абыроймен көрсететініне және халықтың, командирлер мен бастықтардың сенімі мен үмітін ақтайтынын жеткізді.
-Бізге артылған үмітті ақтайтынымызға уәде береміз. Жеке өз атымнан осы салтанатты іс – шараға жиналған барлық курсанттарға мақсатқа жетудегі табандылық, курсанттық сәттілік және ең бастысы өз еңбегімен офицерлік жұлдыздарды тағу құрметіне ие болуды тілеймін,- деді Мират Әскеров.