Өткен жұмада тағайындалған Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев демалыс күндерін жұмыста өткізіп, қаланы аралағанын, нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі
Жаңа қала басшысы барып келген алғашқы нысан Петропавл 2-ЖЭО. Руслан Аңбаевтың айтуынша жақында № 2 түтін мұржасы іске қосылады. Қазандықтарды жөндеу жалғасуда. Бүгінгі таңда үш қазандық дайын тұр. Жылыту маусымында төрт қазандық іске қосылса, тағы төртеуі қарашада жұмысын бастайды. Жылыту маусымында барлығы 11 қазандық жұмыс істейтін болады.
— Биыл жылдың қазан айында №1 түтін мұржасының құрылысы басталады. Дәл осындай жобаны мердігерлер Павлодарда жүзеге асыруда. Павлодар жобасын біздің 2-ЖЭО-нда да қолданады. Салынатын жаңа мұржа ескісінен 50 метр қашықтықта орналасады. Құлаған құбырды бұзу жаңаның құрылысына және жылыту маусымының барысына әсер етпейді, — деп жазды Руслан Аңбаев.
Қала әкімі демалыс күндері «Қопай» шағын ауданында да болып қайтты. Оның айтуынша, мұнда 10 ипотекалық көпқабатты үйдің құрылысы басталған. Олар келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
— Шағын ауданның жеке секторында барлығы 185-ке жуық жеке және бес екі қабатты үй бар. Олардың орнында 29 көп қабатты тұрғын үй, мектеп және емхана салу жоспарлануда. Бұзылатын тұрғын үйлердің иелеріне пәтер немесе ақшалай өтемақы беріледі, — деді қала әкімі.
Фото Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев