Петропавлда полицейлер екі сағат ішінде жаяу жүргіншілерге қатысты алты хаттама толтырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс бойынша тіркелген 184 жол-көлік оқиғасының 43-інде жаяу жүргіншілерді соғып кеткен. Онда бес адам қаза тауып, 45 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің жетеуі кәмелетке толмағандар. 19 оқиға жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған.
— Осындай жағдайлардың алдын алу үшін Петропавл патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала көшелеріне кезекті рейд жүргізді. «Алтын арман» және «Тайга» базарларының жаны қауіпті учаске болып саналады. Жүргізілген рейдтің екі сағатында ғана көшені белгіленбеген жерде кесіп өткені үшін алты әкімшілік хаттама толтырылды. Полицейлердің көзінше үш рет кәмелетке толмаған балалары бар аналар жолдан жүгіріп өтті, олардың бірі — арбамен, — деп хабарлады жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Григорий Тыш.
Бүгінгі таңда қалада аталған рейдтер күшейтілген режімде жүргізілуде. 19 шілдеден бастап облыста 606 жаяу жүргінші және жол қозғалысының өзге де қатысушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.