Петропавлда жыл басынан бері 3 мыңға жуық адам абаттандыру ережелерін бұзғаны, инфрақұрылым объектілерін қиратқаны, жасыл желектерді жойғаны және зақымдағаны үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы айыппұлдардың бірі рұқсат етілмеген жерде заңсыз қоқыс лақтырған Петропавл қаласының тұрғынына салынды. Тұрғынның заңсыз әрекеті камераларға түсіп қалып, жүргізуші машинаның нөмірі арқылы анықталды. Оған 20 АЕК немесе 60 мың теңге мөлшерінде айыппұл салыну көзделуде.
— Қоқыс шығарушы ұйымдар мен тұтынушылар арасындағы қолданыстағы шартқа сәйкес компаниялар тек қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызмет көрсетеді. Габариті үлкен қоқысты шығару үшін бөлек ақы төленеді. Бұл үшін тұрғындар өздері келісім жасасқан қоқыс шығаратын компанияларға жүгінуі керек, — деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Ашық көздерден алынған фотосуреттер