Петропавл полицейлеріне тыныштықты бұзу фактісі бойынша 1000-нан астам қоңырау келіп түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Түнде тыныштықты бұзу фактілері, әсіресе жазда жиілей түседі. Пәтерлерде жүргізілетін жөндеу жұмыстары, қабырға сыртындағы әуен, терезе астында шулаған адамдар – мұның бәрі айналадағы адамдардың мазасын алып, балалардың, зейнеткерлердің демалуына кедергі келтіреді.
Өткен жексенбіде түнгі сағат екі шамасында «102» арнасына Уәлиханов көшесіндегі аулалардың бірінде адамдардың шулап жатқаны туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына жеткен полицейлер төрт ер адамды анықтады. Олардың бірі мас күйінде қатты шу шығарған. Нәтижесінде қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлер алдағы уақытта осындай фактілерді болдырмау үшін профилактикалық әңгіме жүргізді.
— Өткен демалыс күндері қалалық полиция бөлімшелеріне тыныштықты бұзу туралы 5 хабарлама түсіп, шақыртуға барды. Егер сіз түнде осындай жағдайға тап болсаңыз, учаскелік полиция инспекторларына немесе «102» арнасына қоңырау шалыңыз, деді Петропавл қалалық ПБ бастығының міндетін атқарушы Әлібек Ғабдуллин.
Жыл басынан облыс орталығында полицейлерге түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактісі бойынша 1171 қоңырау түсті.