Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Уәлиханов ауданына барып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Уәлиханов ауданында 2019 жылы ашылған ортағасырлық «Қызылоба мазарына» бардым. Үш жыл бойы қазба жұмыстары жүргізіліп, құнды жәдігерлер табылды. Атап айтқанда, 14 ғасырға жататын күміс монеталар, алтын бұйымдар, керамика, мазарлар мен пештер бар. Бұл Солтүстік Қазақстан облысы аумағында Алтын Орда қоныстарының болғанын дәлелдейді. Қазір тарихи ескерткішті сақтап қалу үшін музейлендіру жұмыстары жүргізілуде,- деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желілердегі парақшасында.
Бұдан кейін өңір басшысы шалғайда жатқан Береке мен Қулыкөл ауылдарына барып, тұрғындармен кездесті. Биыл Қулыкөлде ауылішілік жолдар жөнделіп, клуб жаңартылуда. Кездесуде жол, су, интернет мәселелері көтерілді. Өңір басшысы жиында көтерілген сұрақтарды шешуді өз бақылауына алды.