Петропавлда Пестрое көлінің жанында «Foton» манипуляторы мен «Yutong» маршруттық автобусы соғылып, салдарынан автобус жолаушылары зардап шекті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Аталған оқиғаға қатысты полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
— Соқтығысу нәтижесінде манипулятордың корпусына бекітілмеген қондырғы микроавтобустың корпусына зақым келтірді. Соның салдарынан автобусағы 17 және 11 жастағы екі жолаушы зардап шекті. Олар тез арада медициналық мекемелерге жеткізіліп, көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Медициналық куәландыруға сәйкес екі жүргізуші де ішімдік ішпеген, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары істі жүргізіп, шешім қабылдау үшін қалалық әкімшілік полиция бөліміне тапсырылатын материалдарды толтыруда.