Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ақынның туған күніне орай облыс орталығындағы Абай және Пушкин ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қала тұрғындары ұлы ақынға құрмет көрсетіп, ғұламаны бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Абай – қазақтың айнасы. Оны әр қазақ мақтан тұтады. Ақын өзінің өлеңдері, поэмалары мен қара сөздері арқылы ұлтына деген сүйіспеншілігін жеткізді. Халқымыздың кейбір мінезін сынап, ғылым-білімі өрге басқан елдердің қатарынан көруді мақсат тұтты. Қазақтың әр баласы ұлы тұлғаның философиялық мәні бар нақыл сөздерін, өлеңдерін өмірлік ұстанымына айналдыра білуі керек, — деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов.
Шараға облысымыздың зиялы қауымы, қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері мен жастар қатысты.