СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Руслан Аңбаев 2022-2023 жылғы жылыту маусымына қала қаншалықты дайын екенін айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Журналистермен кездесу барысында қала әкімі Руслан Аңбаев оқу орындарының жылу беру маусымына дайындығын атап өтті.
⁃ Қалада 84 білім беру нысаны жұмыс істесе, оның 79-ы жылыту маусымына дайын деген куәлігін алды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 7 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Қаланың 5 мектебі орталық жылыту жүйесіне қосылмаған, олардың төртеуі электр қуатымен жылытылады. №44 орта мектепті жылыту үшін 500 тоннаға жуық көмір сатып алынды, оған жергілікті бюджеттен 6,5 млн.теңге бөлінді, — деп атап өтті қала басшысы.
Денсаулық сақтау нысандарын да уақытында жылуға қосу қаншалықты маңызды екендігі айтылды. Бүгінде қаладағы 16 мекеменің 12-сі дайындық куәлігін алса, қалған 4 нысан жылу желілерімен келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ жылыту маусымына үйлерді дайындау мәселесі көтерілді.
⁃ Қазіргі уақытта 430-ға жуық үй жылу қабылдауға техникалық тұрғыдан дайын. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, үйлерді қандай да бір басқару нысанынсыз жылумен жабдықтауға дайындау бойынша мәселелер барын айта кеткен жөн. Мұндай 52 үй бар. Атқарылған тексеру жұмыстарының нәтижесінде соңғы 2-3 жылда жүйелі түрде гидравликалық сынақ және ішкі жылу жүйесін жуу жүргізілмегені анықталды. Негізінен бұл 1914 жылдан 1960 жылға дейін салынған 2 қабатты тұрғын үйлер, — деді Руслан Аңбаев.
Жалпы қаланың орталық жылу жүйесіне қосылған 1 115 көппәтерлі тұрғын үй бар