СҚО-да өз міндетін орындамаған 100-ден астам ата-ана жауапқа тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавлдағы №5 учаскелік полиция бөлімшесіне қаладағы үйлердің біріндегі шу туралы қала тұрғыны хабар берген. Полицейлер 39 жастағы әйел 8 жасар қызының көзінше құрбысымен бірге арақ ішіп отырған кезде үстінен түскен.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторларәйелді 127-бап яғни «кәмелетке толмағанды тәрбиелеу, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны» үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Аталған іс СҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберу үшін материал әзірленуде.
— Оқу жылына бір айдан да аз қалды, балалар моральдық және психологиялық тұрғыдан оқу процесіне дайындалуы керек. Әрине, бұл мәселеде үйдегі жағдай өте маңызды. Осыған байланысты полицейлер күн сайын құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін профилактикалық әңгімелер жүргізеді, — дейді Петропавл қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы Константин Петров.
Жыл басынан бері заңды өкілдер өздерінің ата-ана ретіндегі міндеттерін орындамаған 110 адамды анықтаған. Бүгінде ювеналды полиция есебінде 75 қолайсыз отбасы тұр. Түрлі құқық бұзушылықтар үшін 28 кәмелетке толмаған бала есепке алынды.