Петропавлда Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттеріне арналған жатақхананың құрылысы қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Құрылыс биыл маусымда басталды. Бүгінгі күні мамандар ғимараттың іргетасын қалап, қабырғаларын көтеруге кіріскен. 2 блоктан тұратын ғимарат 11 қабатты болады. Әрқайсысы 600 орынға шақталған. Жатақхананы жергілікті «Основание» серіктестігі салып жатыр. Мердігер компания іске қажетті материалдардың басым бөлігін өздері шығарған. Тек, ғимараттың сырты жапон панельдерімен қапталмақ. Жаңа материал Петропавлда алғаш рет қолданылады.
– Біздің компания темірбетон материалдарын шығарады. Ал, кірпішті Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан сатып аламыз. Сондай-ақ қасбеті жапон панельдерімен қапталады. Бұл материалдың өзіндік ерекшелігі бар. Ол аязға және аптап ыстыққа төзімді. Яғни, опырылып немесе сынып қалмайды. Ұзақ жылдар бойы жаңа қалпын сақтап тұрады. Жұмыстарды мүмкіндігінше мерзімінен ерте аяқтауға тырысамыз,- дейді «Основание» ЖШС директорының орынбасары Роман Тыртышный.
Құны 5 млрд. теңгені құрайтын нысанды мердігер компания 2023-ші жылдың аяғына дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні облыс орталығында қызмет көрсету саласы колледжінің студенттеріне арналған 244 орынға шақталған тағы бір жатақхананың құрылысы жүріп жатыр.