Облысқа екі күндік жұмыс сапарымен еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Алдымен аталмыш ведомство басшысы Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылына оңтүстіктен қоныс аударған отбасылармен кездесіп, олардың тұрмыс жағдайын танысты. Кейін кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, өңірдегі әлеуметтік мәселелерден хабардар болды. Петропавлдағы С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ұйымдастырылған бизнес субъектілерімен кездесуге облыс әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты.
Жиында бірінші болып сөз алған өңір басшысы 2016 жылдан бері облысқа еңбек күші артық өңірлерден 11 мыңнан астам азамат қоныс аударғанын алға тартты. Биыл түскейден солтүстікке 2 жарым мың адам көшіп келеді деп күтілуде.
– Қазіргі күні аймағымызға 1300 азамат қоныс аударды. Осылайша биылғы жоспардың 52 пайызы орындалды. Оларға 11 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлініп, қолдау көрсетілді. Барлықтары баспанамен қамтылып, еңбекке жарамды 4600 адамның 3700-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Оның 500-і мұғалім, 350-і медицина, 625-і ауыл шаруашылығы салаларында екі қолға бір күрек тапты. Тағы 1800-і қызмет көрсету саласында еңбек етсе, 490 отбасы мемлекеттік гранттарға қол жеткізіп, өз кәсіптерін дөңгелетіп келеді. 38 шаңыраққа 92 млн. теңге көлемінде шағын несиелер берілді, – деп жеткізді Құмар Іргебайұлы.
Тамара Дүйсенова кездесуде соңғы 10 жылда солтүстік өңірлерден, орталық және Шығыс Қазақстаннан 230 мың адам көшіп кеткенін атап өтті. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай республиканың осы бөлігіндегі еңбекке қабілетті халық саны 168 мың адамға қысқаруы мүмкін. Бұл ретте елордада, Алматыда, Шымкентте және оңтүстік өңірлерде бала туудың және ауылдар мен моноқалалардан көшетіндердің көбеюі есебінен халық санының тұрақты өсуі байқалады.
— Халықты ұтымды қоныстандыруды қамтамасыз ету және өңіраралық диспропорцияға жол бермеу үшін мемлекет жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін азаматтарды ерікті түрде көшіру жөніндегі шараларды іске асыруда. Қоныс аударушыларға көшуге материалдық көмек беріліп, тұрғын үйді жалға алуға субсидиялар бөлінеді. Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және кәсіпкерлік бастаманы дамыту жөнінде шаралар көрсетіледі. Ағымдағы жылдың 7 айында жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 3,8 мың адамнан тұратын 1 147 отбасы немесе осы жылға жоспарланған көрсеткіштердің 47% – ы көшірілді, — деп хабарлады ведомство басшысы.
Министр сондай-ақ жаңа геосаяси жағдайды ескере отырып, «Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының тұжырымдамасы қалыптастырылғанын хабарлады. Ол елге білікті кадрлардың келуін ынталандыруды, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды және ел өңірлері арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жою тетіктерінің тиімділігін арттыруды көздейді.
-Жаңа тәсілдердің мәні азаматтардың жұмыс орындары жоқ жерлерге көшуінде емес, трансферт арқылы жұмыс орындарын құру және басқа облыстарда қолданыстағы бизнес-жобаларды солтүстік өңірлерде кеңейту болып табылады. Сондықтан жұмыс орындарын құру бойынша барынша әлеуеті бар бизнес-идеялардың тиісті конкурсы арқылы «солтүстік өңірлер үшін 100 бизнес-жоба» бизнес бастамасын қолдау ұсынылады, — деді Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударуды ынталандыру үшін жаңа жердегі тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде қаржылық көмек алуға құқық беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу ұсынылады. Ол үшін жұмыс беруші жұмыс орнының болуын растауы керек.
— Батыс және оңтүстік өңірлер мектептерінің түлектері үшін солтүстік облыстардың жоғары оқу орындарында оқуға гранттар ұсыну мүмкін деп санаймыз. Жастарды қоныс аударуға және ауылдарды дамытуға ынталандыру үшін жастар практикасымен ұштастыру есебінен «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тартымдылығын арттыру ұсынылады. Бұл бағдарламаға қатысушылар үшін жұмыстың алғашқы үш жылындағы жалақыдан артық үстемеақы белгілеуге және заңнамалық түрде әлеуметтік қолдау шараларына кепілдік беруге мүмкіндік береді, — деді Тамара Дүйсенова.
Суретті түсірген: Талғат Тәнібаев