СҚО білім беру ұйымдарында 600-ге жуық бос орын пайда болды. Сұраныс математика, орыс және шет тілдері, физика және информатика мұғалімдеріне жоғары, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, педагогтардың зейнетке шығуына байланысты бос орындар пайда болды. Өткен оқу жылында облыс мектептерінде зейнет жасындағы 418 мұғалім жұмыс істегенін айта кеткен жөн.
— Бұл бағытта 400-ден астам жас маманды жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр. Оның 75% — ы ауылдарға келеді. 1 қыркүйектен бастап біздің ЖОО-ның облыс әкімінің гранты есебінен білім алған 36 түлегі жұмысқа кіріседі. Шарттың талаптары бойынша олар өңірдің оқу орындарында кемінде үш жыл жұмыс істеуі тиіс. 472 мектептің 75% — ы шағын жинақты мектептерге жатады. Мұнда химия-биология, физика-математика, математика-информатика және басқа да пәндер бойынша біліктілігі бар педагог кадрлар қажет, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Басқармада ауыл мектептеріне жұмыс істеуге келген жас мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 100 АЕК (300 мың теңгеден астам) көлемінде көтермеақы және 1500 АЕК (4,7 млн теңгеден астам) мөлшерінде тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит ала алады. Биылдан бастап білім беру ұйымдарында педагогтарды конкурстық негізде, шағын жинақты мектептерге – өтініштер негізінде қабылдайды.