Жол құрылысы маусымы қызған кезде «Ұлттық жол сапа активтері» орталығының СҚО филиалы қызметкерлері 113 инспекциялық тексеріс жүргізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Инспекциялық тексеру нәтижелері бойынша 118 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 25- өрескел қателік. Негізінен ақаулар мен ескертулер облыстық жолдардың кепілдік берілген объектілері, республикалық жолдарды көктемгі-жазғы күтіп ұстау бойынша анықталатынын айта кеткен жөн.
Сондай-ақ шілдеде және тамыз айының бірінші онкүндігінде жол-құрылыс материалдарының 349 сынамасы алынды. Сыналған 325 сынаманың 71-і нормаларға сәйкес келмейді. Негізінен бұл олқылықтар ауылдық округтердің көшелеріндегі және аудандық маңызы бар автожолдардағы жөндеу объектілерінде тығыздау және сумен қанықтыру тәсілімен асфальтбетон жабынынан алынған материалдар бойынша анықталды.