Биыл Аққайың ауданындағы Власовка елді мекенінің көшелері жөнделеді. 4,5 шақырымнан астам жолды қалпына келтіру үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 230 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Әкімшілік орталықтағы 13 көшенің 7-еуі жөнделмек. Іске елордалық, петропавлдық және тайыншалық мердігерлер жауапты. Бүгінгі күнге дейін мамандар 3 көшені қалпына келтіріп, асфальт төсеген екен. Олардың жалпы ұзындығы 1 шақырым 300 метрді құрайды.
– Қазір ауылдағы Абай, Мир және Октябрь көшелері жөнделіп жатыр. Бекітілген құжатқа сәйкес, 2 шақырым 900 метр қалыпқа келтіріледі. Бүгіндері қиыршық шас төгілуде. Алдағы уақытта асфальт төселеді. Осы аптада мердігерлер Гагарин көшесінің 400 метрін жөндеуге кіріседі,- дейді Власовка ауылдық округінің әкімі Елена Витковская.
Бүгінгі таңда Власовка ауылында 230 отбасы түтін түтетіп отыр. Ал тұрғындарының саны 698 адамды құрайды. Елді мекенде су бар. Үстіміздегі жылы көшелерге 10 жарық шамы қойылыпты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасын таппақ.