СҚО-да «Солтүстік» ӘКК АҚ қызметінде 23 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәуекелдер ӘКК-нің мүлік пен жер учаскелерін жекешелендіру мен алқалық бөлу рәсімдерін айналып өтіп, тікелей бизнес субъектілеріне сату жөніндегі қызметінде табылған.
— Аталған ұйым құрылыс компаниясы үшін 50 млн. теңгеге үш жер учаскесін сатып алу-сату шартын жасасқан. Ал шарт жасасу кезінде олардың ешқайсысына да меншік құқығы болмаған. Кейіннен корпорация бұл жерге құқықты жеке тұлғадан сатып алып, құрылыс салушыға екі есе қымбат бағаға сатқан. Бұған қоса, аталған жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылатын нысан ретінде тіркелген. Осындай алты дерек бойынша берілген жер телімдері қайтарылды, — деді превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары тұрақтандыру қорының қаражатын әлеуметтік маңызы бар тауарларды жеткізбеген бизнес субъектілеріне қолдау көрсету үшін бергенін анықтады. Атап айтқанда 50 млн. теңге қарыз алған кәсіпкер, небары 9 миллион теңгеге ғана тауар жеткізген.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов аталған тәуекелдердің жойылатынын мәлімдеді.
Ашық көздерден алынған фотосуреттер