СҚО-да 35 жастағы ер адам мас күйде көлік жүргізгені үшін 2,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы Ғ. Мүсірепов ауданының 35 жастағы тұрғыны көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырылып, Қазақстан Республикасы ҚК 346-бабы бойынша сотталған. Бірақ бұдан өзіне ешқандай қорытынды жасамаған ол, бостандыққа шыққаннан кейін автокөлігін қайта пайдалана бастаған. Жақында полицейлер оны дәмхананың маңында көріп, спирттік ішімдік ішкен күйінде көлікке отырған сәтінде ұстаған. Жүргізушінің барлық теріс қылықтарын ескере отырып, сот оны 2,5 жылға бас бостандығынан айырды.
-Адамдар сот үкіміне немқұрайлық танытып, көлік құралының рөліне қайта масаң күйде отырады, өздеріне және айналасындағы адамдарға қауіп төндіреді, — деп атап өтті СҚО Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Григорий Тыш.
Жалпы жыл басынан өңірімізде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша 47 факті тіркеліп, қаңтар айынан аталған бап бойынша 26 адам сотталған.
Pixels Иллюстрациялық суреті