СҚО-да ауруханадан қашып кеткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі
13 тамыз күні кешке Ғ.Мүсірепов ауданында ұрлық фактісі бойынша айыпталған 23 жастағы емделіп жатқан күдікті Новоишим ауылының ауруханасынан қашып кеткен. Осыған байланысты облыстық полиция департаментінің, аумақтық бөлімшелердің жеке құрамы дабыл бойынша көтерілген. Күдіктіні іздестіру жұмыстары тез арада ұйымдастырылып, облыстық және республикалық маңызы бар трассаларда бекеттер орнатылды.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қашып кеткен күдікті жексенбі күні таңертең Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Ставрополка ауылында ұсталды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Қашу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 426-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.