Сенімгерлік басқаруға өткен Петропавл халықаралық әуежайында бірқатар өзгерістер жоспарланып отыр. Жаңа рейстер ашылып, материалдық-техникалық базасы жаңартылмақ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шілде айында Петропавл халықаралық әуежайы саудаға шығарылып, «Қызылжар» халықаралық әуежайы» ЖШС-не 5 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл мерзімнен кейін инвестор оны толық сатып ала алады.
Әуежайдың жаңа директоры Уәлихан Жылысбаевтың айтуынша, болашақта Шымкент пен Түркістанға, Ресейдің Түмен мен Санкт-Петербор қалаларына, Мысырдың Шарм-әл-Шейхіне рейстер ашылмақ. Бүгінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына ғана бағыттар бар.
-Азаматтық авиация комитетіне біз Шымкент пен Түркістанға әуе компанияларының рейстерін ашу туралы өтінім бердік, алайда конкурс өтпеді. Келесі жылы субсидияланған рейстер болады деп ойлаймын. Әрине, тариф төмен болуы тиіс, бұл – халық үшін маңызды. Ресейлік әуе компанияларымен де келісім бар. Осы жылы санкцияларға байланысты ойымыз жүзеге аспады. Петропавлдан Мысырға ұшу мәселесі көптен көкейде жүр. Жанар-жағар май кешені жұмыс істеген жағдайда әуе кемелерін биыл-ақ жіберер едік. Кешен жөнделіп, іске қосылысымен шетелге рейстер ашылады, қазірдің өзінде келісім бар. Қазіргі уақытта қысқа мерзімге арналған даму жоспарын жасап жатырмыз, — деді Уәлихан Жылысбаев.