СҚО-да коронавирус жұқтырғандар көбейді. Егер шілдге дейін барлық инфекциялық стационарлар бос болса, қазір тәулігіне 6-12 адам ауруханаға жатқызылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м.а. Татьяна Горлова аурудың 45% — ға өскенін хабарлады. Соңғы екі аптада 669 жағдай тіркелсе, оның 392 — бір аптаның ішінде анықталған.
Науқастардың 87% — ы вакцина алмағандар немесе екпе салдыртқаннан кейін алты айдан астам уақыт өткен. Жұқтырғандардың үштен бірі 60 жастан асқан. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 90 жағдай тіркелсе, 15-18 жас аралығында – 11 жағдай анықталды. Қазір облыс бойынша коронавирустан 417 науқас емделуде. Оның 62-сі инфекциялық стационарларға жатқызылды.
Амбулаториялық ем қабылдаушыларға мобильды бригадалар барып тұрады. Облыс бойынша 104 мобильді бригада құрылған. Қазір олардың 19 – ы жұмыс істесе, қалғандары резервте. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңіріміз наурыздан бастап «жасыл» аймақта екенін атап өтті. Бірақ, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы көрсеткендей, қазір біз «сары» аймаққа өтудің алдында тұрмыз.
— Егер ауру жұқтыру бойынша дәл осы қарқын сақталса, біз қосымша шектеулер енгізуге мәжбүр боламыз. Денсаулық сақтау жүйесі жағдай нашарлаған жағдайда дайын болуы тиіс. Жағымсыз жайттарды болдырмау үшін барлық шаралар қабылдануда. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, жабық ғимараттарда және қоғамдық көлікте маскаларды пайдалану, медициналық мекемелердегі пациенттердің ағымын қамтамасыз ету, пациенттерді динамикалық бақылау үшін сүзгілердің, мобильді бригадалардың жұмысын күшейту, қажет болған жағдайда бригадалардың санын ұлғайту қажет. Ауруханаға түсушілерді шұғыл және жоспарлы тәртіпте коронавирусқа 100% тексеруді қамтамасыз ету маңызды, — деп атап өтті Құмар Ақсақалов.