Петропавлдық полицейлер үш сағат бойы 6 және 8 жастағы жоғалған балаларды іздеп тапты, — деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Әуелі әкесі өзі іздемек болған, кейін кешкі сағат тоғыз шамасында полицияға жүгінген. Іздеу жұмысына барлық сыртқы қызметтер дереу жұмылдырылды. Ювеналды полиция қызметкерлері мен жедел уәкілдер төңіректі аралап, ойнап жүрген балалар жасырынуы мүмкін барлық жерлерді тексеріп шықты. Патрульдер балаларды адамдар көп жүретін көшелерден іздеді.
-Балаларды іздеуге адам өміріне бей-жай қарамайтын қала тұрғындары көмегін тигізді. Түн ортасында «102» желісіне «Рахат» дүкені ауданында үлкендердің ілесіп жүруінсіз екі жас баланың орындықта отырғаны туралы қоңырау келіп түскен. Аталған мекен-жайға патрульдік қызметкерлер жіберіліп, келген бетте балалар адасып қалғандарын түсіндірді», — дейді Петропавл қалаллық ПБ ЖПҚ бөлімінің бастығы Эльмира Абушева.