Өткен оқу жылында Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген 120 түлек өздері қалаған оқу орындарына түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
NIS-тің 18 түлегі еліміздің жетекші жоғарғы оқу орны – Назарбаев Университетінің білім гранттарына ие болса, тағы 11 бала АҚШ, Жапония, Гонконг, Оңтүстік Корея, Ресей, Венгрия және Түркияның алдыңғы қатарлы университеттеріне тегін оқуға түсті. Оның ішінде 10 болашақ студент толық грантқа ие болса, бір студент 80 пайыздық грант иегері атанды.
– Мектебіміздің 91 түлегі оқуларын отандық университеттерде жалғастыратын болады. Биыл мектеп бітіргендердің дені — Астана IT универстиетіне, Астана медицина университетіне, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетіне, Сүлейман Демирел атындағы университетке, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне және Қазақ-Британ техникалық университетіне тегін оқуға түсті, – деді Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев.
Түлектердің 45 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарды таңдаса, 22 пайызы медицинаға түсті. Айта кету керек, биыл мектептің 5 түлегі TOP-100 QS рейтингіне енген жетекші университеттердің толық грантына ие болды. Бұлар – Нью-Йорк университеті, Йонсей университеті, Гонконг политехникалық университеті, Гонконг университеті, Ресей Федерациясының жоғары экономика мектебі.