Жыл басынан бері облыс аумағында 421 өрт оқиғасы тіркелді. Нәтижесінде 30 адам қаза тауып, 8 адам жарақат алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, күн суытқасын өрт саны күрт артады, өйткені жылыту маусымы басталып, тұрғындар мұржаларын тексерместен пеш жаға бастайды. Қауіпсіздік ережелерін сақтамағандар қайғылы оқиғаға душар болады.
— Халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыру, өрттің алдын алу жұмыстарын жандандыру, оның тиімділігін талдау және аумақтардың жылу беру кезеңіне дайындығын бағалау үшін Солтүстік Қазақстан облысында өрт оқиғалары кезінде адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу бойынша өрт қауіпсіздігі айлығы басталады, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Карантиндік шаралар мен әлеуметтік қашықтықты ескере отырып аталған айлық екі кезеңде өтеді. І кезең 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін болса, ІІ кезең 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін жалғасады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың мақсаты азаматтардың өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан болып жатқан өрттердің санын азайту, халықтың өртке қарсы шаралар туралы хабардар болуын арттыру.
Фото: Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі