СҚО-да арнайы түзету мектебі салынады. Бұл туралы өңір басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің айтуынша, Петропавлда бүгінгі таңда жатын корпусы бар 300 орынға шақталған оқу орны құрылысының жобасы дайындалуда.
— Өткен жылы Петропавлда 900 орындық мектеп ашылып, қала орталығындағы мектептер жүктемесін төмендетті. Тайынша ауданында екі мектеп салынуда, — деді Құмар Ақсақалов.
Білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков биыл 26 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізуге «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша және облыстық бюджеттен 2,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін хабарлады.
— Мектептердің шатыры, терезелері, жылу беру жүйесі мен электр сымдары ауыстыру бойынша кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары да жүргізіледі. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы және кестеге сай жүргізілуі мониторингтік топтардың бақылауында болады, — деді Нәзір Жашибеков.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, 26 нысанды қосқанда өңірдегі мектептердің 70% — ы күрделі жөндеуден өтеді.
Pixels иллюстрациялық суреті