19 тамыз күні Петропавл қаласында спорт күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, оған спорт ардагерлері, облыстың спорт ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жиналғандарды кәсіби мерекемен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек құттықтап, аймақта халықтың отыз бес пайызы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатынын атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылға дейін кемінде республика халқының жартысы бұқаралық спортқа тартылуы тиіс. Ол үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып, жаңа спорт нысандары салынуда. Бұқаралық және балалар спортын дамыту үшін аудандарда тұтас спорт кластерлері құрылуда. Бұл кластерлерге дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, стадиондар, жабық хоккей корттары немесе бассейндер кіреді.
Аталған күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен СҚО велосипед спорты федерациясының басшысы Мұхтар Игібаев, «Үміт» мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының басшысы Вячеслав Латышев, «Қуаныш» волейбол клубының жаттықтырушысы, Азамат Есімов, Ақжар ауданы БЖСМ басшысының орынбасары Файзурахман Байқадамов марапатталды.
Сондай-ақ, облыстың спорт саласының бірқатар қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамоталарына, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.
Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды.