Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен Ұлттық ұлан академиясы бастығының лауазымына Артур Тоқышев тағайындалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамына Академияның жаңа бастығын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов таныстырды.
Сонымен қатар құқықтық тәртіп әскерінің Бас қолбасшысы Артур Тоқышевке тәжірибесі мол офицер деп мінездеме беріп, Академияның жаңа басшысына қойылған барлық міндеттерді лайықты орындайтынына сенім білдірді.
-Ұлттық ұланда полковник Артур Тоқышевті барлығы жақсы біледі. Ол 5513, 7552, 6654 әскери бөлімдерінің командирі болды. ҚР Қарулы Күштері Әскери академиясы мен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушысы болды. Артур Қалиақпарұлы Ұлттық ұлан үшін офицер кадрларын даярлау жөніндегі кадр саясатын қалыптастыруға және жүргізуге үлкен үлес қосатынына сенімдімін-, деді Еркін Ботақанов.
Сондай-ақ аталған күні Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының мемлекеттік құпияларды қорғау басқармасының жаңа бастығы – Дінмұхамед Мырзатаев та жеке құрамға таныстырылды.