СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 19 – 21 тамыз аралығында елімізде өткізілген үшкүндік рейдтік іс-шараны қорытындылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі
Атқарылған рейдтік қорытындыға сай үш тәулік ішінде өңір жолдарында мас күйде көлікті басқарудың 13 фактісі анықталды. Бұдан бөлек, жылдамдық режімін бұзудың 189 фактісі, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өтудің 116 фактісі, жаяу жүргіншілер тарапынан болған 91 бұзушылық фактісі анықталды. Анықталған бұзушылықтар қайғылы жағдаймен аяқталатын жол апатына әкелуі мүмкін еді. Биылғы жылдың 7 айында СҚО аумағында 184 жол көлік оқиғасы тіркелді, оның нәтижесінде 24 адам қаза тауып, 277 адам жарақат алды.
22 тамыздан СҚО-да «Абайлаңыз – балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші кезеңі басталды. Іс-шара жаңа оқу жылының қарсаңында арнайы өткізілуде және кәмелетке толмағандардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларын алдын алуға, балалардың жолда және көшеде қауіпсіз жүру дағдыларын бекітуге, сондай-ақ балалардың денсаулығы мен өмірін сақтауға бағытталады.