Қазақстанда киік санын реттеу мәселесі қазан айында шешіледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Біз қазір Ғылым министрлігімен бірлесіп, белгілі бір жұмыс жүргізіп жатырмыз. Күзде анализ жүргізу үшін 500 киік ауланады, оларды атпай, тірі күйінде ұсталады.Талдамалар алынғасын қайта жібереміз. Сондай-ақ біз келесі жылға спорттық-әуесқойлық аң аулау ұйымдастыруды қарастырамыз. Бұл ақылы аңшылық болады. Негізінде, бұған дейін біз ақбөкеннің Қызыл кітапқа енбегенін айтқан болатынбыз. Киік аулауға тыйым 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін салынған. Бұл мәселелер қазір қаралып жатыр, жақын арада, қазан айының соңына дейін нақты бір шешімге келеміз, – деді Серікқали Брекешев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ қасқырлардың санын көбейту ұсыныстары келіп түскен, Министр мұның да киіктер санын бір мезетте реттей қоймайтынын айтты.
-Негізінен қасқырды «орман санитары» деп атайды, ол әлсіз, ауру жануарларды жеп, популяция құрамын жақсартып, киік санын керісінше көбейтіп жібереді. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Қазақстанның агросақтандыру қауымдастығымен бірлесіп, жайылымдар мен егістіктерді агросақтандыру, киік таптауынан ауыл шаруашылығына келтірілген залалды бағалау әдістемесін әзірлеуді қарастырып жатырмыз. Негізінде сақтандырушыларда бұл мәселе бойынша белгілі бір түсіністік бар, сондықтан осы бағыттағы жұмыс жалғасуда, – деді Серікқали Брекешев.