Солтүстік Қазақстан облысында ата-аналардың алимент бойынша қарызы 320 млн теңгеден асады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірде қазіргі уақытта алимент алатын 9289 бала және 22 қарт тіркелген. Алайда олардың арасында заң бойынша тиесілі ақшаны ала алмай жүргендер де бар. Өз баласын өзегінен тепкен 291 адам болса, соның 11-і – әйел екені анықталды.
-Прокуратура органдарының құзырына кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен мүдделерін қорғау кіреді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабына сәйкес балаларына қамқорлық жасау әрбір ата-ананың міндеті. Бірақ олардың арасында өз міндетін тиісті түрде орындамайтындар да бар. Сондықтан жауапты ведомстволармен бірге жұмыс істеп, бұл мәселені бақылауда ұстаймыз, — дейді СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры Марат Қазиев.
Қазіргі уақытта алимент төлеуден жалтарып жүрген 44 адамның жүрген жері белгісіз болып шықты. Іздеу шараларының нәтижесінде оның 11-інің тұрғылықты жері анықталды. Жалпы жыл басталғалы өңірде 85 борышкер әкімшілік жазаға тартылып, міндетін орындаудан қашқан 6 адам қамауға алынды.
Pixels иллюстрациялық суреті