СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өңірде студенттер көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Қайта өңдеу өнеркәсібі мен туризм саласында жаңа мамандықтар ашылуда. Қыркүйек айында Айыртау ауданында жекеменшік колледж жұмыс істей бастайды. Инвестиция сомасы 300 млн. теңгеден асты. Колледж IT-технологиялар мен туризм мамандарын даярлайтын болады, — деді облыс әкімі.
Жергілікті университет үшін 68 зертханасы бар жаңа корпус салынды. Аризона университетімен бірлесіп әзірленген қос дипломды бағдарламаға құжаттар қабылдануда. Оған 170 грант бөлінді.
— Үш жыл бойы студенттер осында оқығаннан кейін жарты жылға – Аризонаға жіберіледі. Биыл қос дипломды бағдарламаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қостанай, Қарағанды, Семей және Ақтөбе қалаларынан келген жастар оқуға түсті. М.Қозыбаев университеті биыл АҚШ, Италия, Түркия, Ұлыбританиядан шетелдік оқытушыларды жұмысқа тартады, — деді Құмар Ақсақалов.
Фото Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев