СҚО жолдарында қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың 766 фактісі анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан СҚО жолдарында жолаушылар көлігінің қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның нәтижесінде 1 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алған.
-Соңғы 7 айда қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың 766 түрлі оқиғасы анықталды. Басым бөлігі-рөлде отырып телефонды қолданудың 170 фактісі, маневр жасау қағидаларын бұзудың 140 фактісі, техникалық тексеруден өтпеудің 54 фактісі тіркелді. Алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқарған 1 жүргізуші ұсталып, түрлі бұзушылықтар үшін автобус паркінің 9 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды, — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Бұдан бөлек, автобустарды тексеру кезінде елді мекендерге, қалааралық жолдарда қатынайтын заңсыз такси жүргізушілеріне ерекше назар аударылады. Жыл басынан кәсіпкерлік қызметпен айналысқан, сондай-ақ тиісті тіркеуден өтпей қызметін жүзеге асырған 36 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.