Энергетика министрі Болат Ақшолақов СҚО мен Ақмола облыстарын газбен толық қамтамасыз ету үшін магистральдық газ құбырын салу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Бүгінгі таңда Ақмола мен СҚО-ны газдандыру мәселесін Министрлік пысықтауда. Ол үшін ең алдымен «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын жалғастыру керек. Магистральдық газ құбырының ұзындығы 298,1 км, болжамды құны-182,1 млрд теңгені құрайды, — дейді Болат Ақшолақов.
Ведомство басшысының айтуынша, жобаны іске асыру 143 елді мекенді немесе 420 мың адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Белгілі болғандай, қазіргі уақытта «Сарыарқа «магистральдық газ құбырының құрылысы мен Нұр-Сұлтан – Көкшетау – Петропавл учаскесі техникалық-экономикалық негіздемесін түзету бойынша жұмыстар аяқталып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.
Сонымен қатар, министрлік Ресей федерациясымен бірлесіп өңірлерді газдандыруды қарастыруда. Энергетика министрі бұл жоба Қазақстан-Ресей жұмыс тобы аясында талқыланып жатқанын айтты.