Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «Еңбек» шаруашылық жүргізу құқығындағы «Еңбек-Қызылжар» РМК филиалында жемқорлық фактісінің жолын кесті, хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары 23 тамызда «Еңбек-Қызылжар» РМК филиалының басшысын жеке кәсіпкерден пара алып жатқан кезде ұстады.
-Ол сотталғандар үшін азық-түлікті қабылдау-тапсыру актісіне мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша кедергісіз қол қойғаны үшін ірі сома талап еткен, — деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Күдікті Петропавл қаласының уақытша ұстау абақтысына қамалды. Кінәсін толық мойындағанын және сотқа дейінгі жеделдетілген тергеуді жүргізу туралы келіп түскен өтінішхатты ескере отырып, тергеу соты оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.