Петропавлда «Үздік Шебер — 2022» кәсіби шеберлік байқауы өтіп, оған — тас қалаушы, дәнекерлеуші, сантехник, барберлер мен флористер қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Байқау технологиялық білім берудің беделін арттырып, жастар арасында кәсіптік оқытудың сапасын анықтау мақсатында өткізіледі. Жарыстың негізгі міндеті жас мамандардың шеберлігі мен жеке қабілеттерін анықтау болып табылады. Оған 35 жасқа дейінгі 25 адам қатысты, — дейді шараны ұйымдастырушы Жанат Кәкімов.
Күні бойы байқауға қатысушылар қаланың әр жерінде өз шеберліктерін көрсетті. Тас қалаушыларға басты міндет- қабырғаны дұрыс және біркелкі көтеру болса, дәнекерлеушілер темірді жымдастырып дәнекерлеуі керек. Ал сантехниктер үшін негізгі талап — құбырларды бір-біріне саңлаусыз жалғау болды.
Байқауға қатысушылардың жұмысын аталған бес мамандық бойынша өз ісінің мамандары бағалады. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға «Мечта» техника дүкеніне 100 000, 75 000 және 50 000 теңгенің сертификаттары табыс етілді.