30 тамызда Петропавлда ардагерлер арасында бокстан «Ринг патшасы» дәстүрлі ашық турнирінің ақтық сайысы өтті. Үлкен спорттық мерекенің құрметті қонақтарының арасында бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен әлем чемпионы Жанат Жақиянов болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жалпы бесінші рет өткізіліп жатқан бұл турнирге Алматы, Нұр-Сұлтан, Петропавл, Жаңаөзен, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Павлодар және Тараз қалаларынан бөлек, Қырғызстан мен Ресей федерациясынан келген былғары қолғап шеберлері де қатысты. 45 қатысушы алты салмақ дәрежесі бойынша «Ринг патшасы» атағы үшін сайысқа түсті. Әдеттегідей, финалдық жекпе-жектер жарқын және әсерлі өтті.
63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеу үшін күресте Нұр-Сұлтан қаласының өкілі Миржан Рахымжанов пен алматылық Рауан Шурабаев кездесті. Екі шебер де керемет техниканы көрсетіп, көрермендерді әдемі, әсерлі жекпе-жекпен қуантты.
Миржан Рахымжанов бұған дейін де «Ринг патшасы» атағын жеңіп алғанын айта кеткен жөн. Елордалық шебер бұл жолы да финалдық кездесуде қарсыласынан басым түсіп, жарыс чемпионы атанды. Чемпиондық белбеуден бөлек Миржан үздік бокс техникасы үшін арнайы белбеу иегері атанды.
69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарағандылық Қуаныш Исембаев «Ринг патшасы» атағын тағы да жеңіп алса, 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алматылық Нұрлан Мұсабаев та чемпион атанды. Маңғыстау боксшысы Марат Өтегенов 81 келіге дейінгі салмақта жарыс жеңімпазы атанса, 91 келіге дейінгі салмақта алматылық Хамзат Гелисханов жерлесі Алмас Досчановты жеңді.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдар, дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.