Солтүстік Қазақстан облысында бірер аптадан кейін жылыту маусымы басталады. Өңір тұрғындары қыста 400 мың тоннадан астам көмір тұтынса, бүгінгі таңда соның 170 мың тоннасын ғана түсіріп алған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңір жылыту маусымында 419 тонна көмір пайдаланады, әзірге тұрғындардың 40 % ғана 170 мың тонна сатып алған.
-Өңірде көмір түсіретін 32 теміржол тұйығы бар. Оның 4-уі Петропавлда орналасқан. Ал қара отынды сатумен 18 кәсіпорын айналысады. Қазір қоймаларда 21 мың тонна көмір жатыр, оның 1350 тоннасы облыс орталығында. Соның 490 тоннасы Қаражыра, 560 тоннасы – Шұбаркөл және 300 тоннасы Екібастұз өнімі. Баға әзірге өскен жоқ, 10 мың мен 17,5 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Шұбаркөл мен Қаражыра 12-17,5 мың теңге аралығында саудаланса, Екібастұз көмірінің ең қымбаты 12,5 мың теңге тұрады, — дейді басқарма басшысы Бақыт Ілиясов
Өңірдегі бюджеттік мекемелерге 141 мың тонна көмір қажет. Қазір қазандық арқылы жылтылатын 604 білім, 396 денсаулық сақтау, 167 мәдениет және 4 жұмыспен қамту нысаны бар. Бүгінде олардың 88 % отынмен қамтылды. Қалғандары көмірді жеткізу бойынша кәсіпорындармен келісімшартқа отырды.
-Келісімге байланысты әлеуметтік нысандарға кезең-кезеңмен жеткізіледі. Қыркүйек айының ортасына дейін, яғни жылыту маусымы басталғанға дейін толық қамтылады. Ал тұрғындарға арналған көмір әкелініп жатыр. Қазіргі уақытта Петропавлға 210 тонна Шұбакркөл, 1330 тонна Қаражыра көмірі келе жатыр. Жалпы, көмір өңірге жылыту маусымы аяқталғанша дейін жеткізіледі, — дейді Бақыт Ілиясов.