СҚО энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шиловтың айтуынша, алдағы жылыту маусымына дайындық әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта ЖЭО-2-де жөндеу мен қалыпқа келтіру жұмыстары алдын ала әзірленген жол картасына бойынша жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарына 10 мердігерлік ұйым, 375 адам және 35 техника жұмылдырылды.
— Жұмыстар 5 қазандық агрегат пен бір турбоагрегатта жүргізілуде. Сондай-ақ №1 түтін мұржасын бөлшектеу жүргізілуде. №2 мұржаны жөндеу аяқталды. Бас ғимаратты қалпына келтіру және уақытша газ құбырларын салу жұмыстары аяқталуда. Жылыту маусымы басталғанға дейін 9 қазандық агрегат пен 7 турбоагрегатқа жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Қазандық құбырының қажетті материалы толық көлемде сатып алынды, материалдарды жеткізу мәселесі жоқ, -деді Павел Шилов.
Басшының баяндамасына сәйкес, қазіргі уақытта білім беру нысандарының 97% — ы, денсаулық сақтау ұйымдарының 99% — ы, мәдениет объектілерінің 90% — ы жылыту маусымына дайын.
Әйтсе де, соңғы жылдары жылу электр орталығында апаттар жиілеп, биыл мұржа құлап, кісі өлімі тіркелгені жалпақ жұртқа мәлім. Сол себепті қоғамдық кеңес мүшелері құр уәдеге сенім жоқ екенін айтты. Бұл сенімсіздік өңір тұрғындары арасында да басым. Осы орайда кеңес мүшелері жылу электр орталығындағы құрылысты бақылауға осы саланы түсінетін мамандарды тарту керектігін айтып, өз ұсыныстарын жеткізді.
фото: Қоғамдық кеңестің баспасөз қызметі