СҚО-да жыл басынан бері 440-тан астам өрт болып, 33 адам қаза тапқан. Құтқарушылардың айтуынша, өрттің басым бөлігі яғни 76% жеке секторға тиесілі. Материалдық шығын 325 миллион теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 73% — ға көп, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Жалпы өрт салдарынан 12 адам түрлі дәрежедегі жарақат алса, тағы 14-і иіс тиіп уланған. Оның 4-і балалар. Биылғы жылы улану бойынша өлім-жітім тіркелген жоқ. Өрттің негізгі себептері — электр желілері мен жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, -деді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.
Құтқарушылар оқыс оқиғалардың алдын алу үшін 15 тамыздан бастап өңірде өрт қауіпсіздігі айлығын өткізуде. Оның аясында төтенше жағдайлар қызметкерлері 2 мыңнан астам тұрғын үйді тексеріп, 650 бұзушылықты анықтаған.
Ал, орман өрттері бойынша облыста жыл басынан бері 29 жағдайы тіркелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 12%-ға аз.