СҚО полицейлері жыл басынан бері аң аулау ережесін бұзған 400-ден астам адамды ұстады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тәжірибе көрсеткендей, табиғат аясында демалуды ұнататындар көбінесе ату үшін алдын ала дайындалған қаруды алып, аң аулау ережелерін бұзады. Бұл өрескел заң бұзушылыққа жатады. Қару тек оқталмаған, бөлшектелген және қапталған түрде тасымалдануы керек. Рейдтер барысында полицейлер ішімдік ішкен аңшыларды да жиі кездестіреді. Бұған қатаң тыйым салынатынын айта кеткен жөн.
— Полиция қызметкерлері аңшылық және орман шаруашылығы өкілдерімен бірлесіп, табиғатты қорғау заңнамасын сақтау бойынша тұрақты негізде рейдтер жүргізеді. Аң аулау маусымының ашылуына байланысты бұл жұмыс күшейтілді. Қазіргі уақытта суыр, құмсалғыш, бөдене мен үйрек аулауға рұқсат етілген. Белгілі бір құстар мен жануарларды аулаудың нақты мерзімдері мамандандырылған бөлім ұсынатын ресми ақпаратта көрсетілген. Заңнама талаптары мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске саламыз, — дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Тамыз айының соңында рейдтер кезінде табиғатты қорғау полицейлері қаруды заңсыз сақтаудың 3 фактісін, аңшылар мен балықшылар тарапынан 64 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабы «жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу» бойынша 439 факті және Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 383-бабының «балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу» бойынша 250 факті анықталды.