Президент Қостанай облысындағы өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді

Авторы: Qyzyljar News

Қасым-Жомарт Тоқаев өрттен зардап шеккен Әулиекөл ауданындағы аумақты аралағаннан кейін шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің өртті ауыздықтау, елді мекендердегі азаматтарды эвакуациялау және зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндамаларын тыңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев болған жағдайдан тиісті сабақ алу қажет екенін атап өтіп, өртті толық әрі жылдам ауыздықтау үшін шұғыл әрекет ету штабына барлық ведомствоның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. Сонымен қатар, Президент үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдарға толыққанды қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті. Үкімет пен Қостанай облысының әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарға шұғыл түрде өтемақы төлеу мәселесін қамтамасыз ету тапсырылды.

-Зардап шеккен азаматтардың бәріне қажетті көмек беріледі. Олар қауіпсіз жерге көшірілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті мәселелерді шешу жұмыстарымен айналысып жатыр. Көмек көрсетілетіне ешқандай күмән болмауға тиіс,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, ол өрттің шығу себебін анықтау қажет екеніне назар аударды. Оның айтуынша, орман алқабын қайта қалпына келтіру үшін кешенді шаралар әзірлеп, алдағы уақытта осындай апатты жағдайларды болдырмау жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу керек.

Президент Төтенше жағдайлар министрлігін ведомство қызметкерлерінің әлеуметтік, соның ішінде тұрғын үйге және жатақханаға қатысты мәселелерін шешуге және қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіби кадрлардың дайындық деңгейін арттыруға қабілетті институт ретінде айтарлықтай күшейту қажет екенін айтты.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz