Петропавл тұрғыны қоңырау шалған «банк қызметкерінің» арбауынан аман қалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Криминалдық полиция басқармасына сақтығының арқасында алаяқтың арбауына түспеген облыс орталығының тұрғыны жүгінді. Оның айтуынша, ұялы телефонына белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін «Халық банкінің» менеджері ретінде таныстырған. Бірнеше миллион теңге сомасына несие картасын ресімдеуге өтінім келіп түскенін айтып, сендірмек болған. 29 минут ішінде менеджер өзінің «клиентінің» жеке деректерін сұрап алуға тырысқан, жалған өтінімді банк қызметкерлерінің арасындағы қаскөй қызметкерлер берген болуы мүмкін деп мәлімдеген. Қала тұрғыны алаяқтың арам пиғылын бірден түсініп, қарсы сұрақтар қоя бастапты. Менеджердің банктің нақты қызметкері екенін растауды сұрады. Алайда, қоңырау шалушы өзінің ресми мәртебесін растау үшін нақты ештеңе айта алмаған.
— Жазылған диалогта интернет-алаяқтардың айла-тәсілдерінің белгілері бар. Банктердің қызметкерлері мұндай қоңырауларды жасамайды, керісінше кеңсеге шақырады. Бұл әдістер мен сценарийлер туралы мүмкіндігінше көп адамды, әсіресе қарым-қатынасқа мұқтаж, қазіргі заманғы технологияларды нашар білетін егде жастағы азаматтарды хабардар ету маңызды. Қоңырау шалу және хат алмасу арқылы қарым-қатынас жасау барысында жеке деректерді мүлдем беруге болмайды. Абдырамай, қаржылық операцияларға қатысты шешімдер қабылдауға асықпау керек, тек диалогты аяқтап, бірден банктің Call-орталығына және полицияға «102» нөміріне қоңырау шалу керек, деді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.